Астана 13:36
Женева 09:36
Нью-Йорк 03:36

Жаңалықтар

Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қойды

Нью-Йорк, 2018 жылғы 2 наурыз – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуының 26-жылдығына орай, БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қою рәсімі өтті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 9 қаңтардағы №617 Жарлығымен берілген өкілеттілікке сәйкес, Шартқа БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қол қойды.

Ядролық қарусыздану тарихындағы алғашқы заңдық күші бар құжатқа айналған Шарттың мәтінін әзірлеуге және оның қабылдануына Қазақстан белсенді түрде қатысып келді. Құжаттың негізгі ережелері әлемдегі төртінші ең ірі ядролық арсенал иесінен ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы көшбасшы мемлекетке айналудың өнегелі жолын көрсеткен Қазақстанның қағидатты ұстанымына жауап береді. Еліміздің мұндай ерен жетістіктері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең ірі екінші ядролық полигонды жабу, Қырғи-қабақ соғысының ядролық мұрасынан бас тарту сияқты тарихи шешімдерінің арқасында мүмкін болды. Ядролық статустан арылуымыз кездейсоқ шешім болған жоқ, керісінше ядролық сынақтардың бар қасіретін өз көзімен көріп, үшінші буындағы ұрпақтарымыздың осы қарудың ауыр салдарын басынан өткеруін жете ұғынған жауапты мемлекеттің аңдап басқан қадамы болды.

Бірқатар мемлекеттердің, соның ішінде жетекші елдерің қарусыздануға мойын ұсынбауына қарамастан, Елбасымыз әлемдік қоғамдастықты ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге шақыруын табандылықпен жалғастыруда. 18 қаңтарда Қазақстан төрағалығымен ұйымдастырылған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейдегі тақырыптық брифингі барысында Қазақстан Президенті 2045 жылға қарай, яғни БҰҰ-ның 100-жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құруға қайта үндеді. «Күш ядролық бомбалар мен зымырандарда емес. Нағыз қорғаныс амалдары халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімділігі арқылы қамтамасыз етіледі», - дей отырып, Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында барлығын сенім шаралары негізінде ядролық арсеналдарды түбегейлі жою арқылы ғана оны қолдану немесе қолдану қаупін болдырмаудың жалғыз әрі абсолюттік кепіліне қол жеткізуге болатынына сендірді.

Сонымен қатар, Елбасы ядролық апатты болдырмау үшін ядролық державаларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелгенін атап өтті. «Әсіресе, ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жою қаруларын қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді. Екінші жағынан, егер ірі ядролық державалар өздерінің ядролық статустарын сақтап, қаруларын жетілдіретін болса және басқаларына мұндай әрекеттерге баруына тыйым салса, бұл оң нәтижелерге алып келмейді. Сондықтан, мен бұл бағытта бәрін бірлесіп күш-жігер жұмсауға шақырамын», - деген тұжырымдамасымен бірге Н. Назарбаев, БҰҰ Жарлығында жазылғандай, қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпті құрудағы Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше рөлі мен және тарихи миссиясын еске салып өтті. Елбасы адамзаттың XXI ғасырда жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құру үшін лайықты жолдан өте алатынына сенімін білдірді.

Білетініміздей, жаппай қырып-жою қаруының үш түрінен (ядролық, химиялық және биологиялық) ядролық қаруға ғана заңды түрде тыйым салынбаған болатын. Осыған байланысты Шарттың негізгі түйіні ядролық қаруға толық тыйым салу туралы ережелерді қамтитын «Тыйым салу» атты 1-бабы болып табылады. Аталмыш шарт халықаралық құқықтық саладағы осы бір заңдық кемшілікті жоюға бағытталған және ол ядролық қаруды жоюдың алғашқы қадамына айналып отыр.

***

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт 2017 жылғы 7 шілдеде БҰҰ-ның 122 мүше-мемлекетінің қолдауымен қабылданды. Бұл құжат 2017 жылдың наурыз және маусым-шілде аралығында Нью-Йорк қаласында өткен Ядролық қарудың түбегейлі жойылуына әкелетін ядролық қаруға тыйым салу туралы заңдық міндеттеуші күші бар құжат әзірлеу бойынша БҰҰ конференциясының екі сессиясының қорытындысы негізінде пайда болды.

Конференция БҰҰ-ға барлық мемлекеттер қатысуы үшін ашық түрде өткізілді. Алайда де-юре және де-факто ядролық қаруы бар тоғыз мемлекет және олардың одақтастары аталған келіссөздерге қатысудан әдейі түрде бас тартты.

Осы күнге дейін Шартқа 56 мемлекет қол қойып, олардың ішінде бесеуі оны ратификациялап үлгерген. Қазақстан бұл құжатқа 57-ші мемлекет ретінде қол қойды. Шарт елуінші ратификациялық грамотасы сақтауға өткізілгеннен кейін 90 күн өткен бойда өз күшіне енетін болады.

 

Ақпарат көзі: http://mfa.gov.kz/kz/content-view/kazakstan-adrolyk-karua-tyjym-salu-turaly-sartka-kol-kojdy

Біздің Twitter

Facebook