БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитеті қазақстандық қарарды «қолдап» дауыс берді
2018 жылдың 1 қарашасында Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Бірінші комитет Қазақстанның «Ядролық қарудан азат әлемді құру туралы жалпыға ортақ декларация» атты тақырыптағы қарарын қолдап, дауыс берді.
Қарардың бірлескен авторлары 41 мемлекет болды. Оны қабылдауды «қолдағандар» 135 мемлекет, «қарсы» болғандар – 21 ел және 27 – қалыс қалды.
Ядролық қаруға ие мемлекеттер – ядролық қаруды таратпау туралы Шарттың (ЯҚТШ) тараптары болып табылатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшелері және ЯҚТШ-дан тыс тұрған төрт мемлекет дауыс бергендерін белгілеп кеткен жөн. Үндістан және КХДР «қолдап» дауыс берді, Қытай, Ресей, Пәкістан – қалыс қалды, ал Ұлыбритания, Израиль, АҚШ және Франция – «қарсы» болды.
Қарар ядролық қаруға тыйым салатын алғашқы халықаралық құқықтық құжат болып табылатын – ядролық қаруға тыйым салу туралы Шартты 2017 жылы 7 шілдеде қабылдағанын белгілейді. Қазіргі уақытта 69 мемлекет осы Шартқа қол қойды және олардың ішіндегі 19 оны ратификациялады. Шарт ратификациялаған елдердің саны 50-ге жеткенде күшіне енеді. Қазақстан Шартқа 2018 жылы 2 наурызда қол қойды және қазіргі таңда оны ратификациялау бойынша рәсімдерді жүргізуде.
Бұдан басқа Жалпыға ортақ декларация:
- ядролық қаруды қолдануға қарсы немесе қолдану қаупіне қарсы жалғыз абсолютті кепілдеме ретінде оны толық жоюға шақырады;
- ядролық қарудан азат әлем құруға жәрдемдесу мақсатында тегіс қамтитын және тұрақты халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін сенімді атмосфера құруға көмек көрсетуге шақырады;
- кез келген ядролық қаруды қолданудың апатты гуманитарлық салдарына терең алаңдаушылық білдіреді;
- барлық мемлекеттерді ядролық қарудан азат жаңа аймақтар құруға шақырады.
Жалпыға ортақ декларация жөніндегі қазақстандық қарар алғаш рет 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясымен қабылданды және үшжылдық негізде қабылданады.
Еске сала кететін жәйт, 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясының жалпы пікірталастары барысында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев өз сөзінде «ядролық қарусыз әлем құруды адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге» шақырды және «ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөнінде БҰҰ Жалпыға ортақ декларацияны қабылдауды» ұсынды.
Қазіргі уақытта ядролық қаруға ие 9 мемлекетте шамамен 15000 ядролық оқтық бар, олардың көбісі қырғынға ұшырататын қуаты бойынша Хиросимаға тасталған бомбадан асып түседі. АҚШ-тағы 1800 ядролық ракеталар (жалпы 6800 ядролық оқтық) және Ресейде (жалпы 7000 ядролық оқтық) жоғарылатылған жауынгерлік әзірлік жағдайында тұр.
Әрбір ағымдағы сәт біздің планетамызға ядролық соғыс қаупін төндіреді – адамның қатесі, жүйенің істен шығуы немесе лаңкестік шабуыл, – бұлардың апатты салдарын адамзат жайдан-жай жеңе алмайды.
***
БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитеті қарусыздандыру және халықаралық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Бас Ассамблеяның ең алғашқы қарары «Атомдық энергияны ашумен байланысты мәселелерді қарастыру үшін комиссия құру» атты тақырыпта 1946 жылы 24 қаңтарда Лондонда Бірінші комитеттің ұсынысы бойынша қабылданған болатын.
2018 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы барысында Бірінші комитет өз жұмысын 8 қазаннан бастап 9 қарашаға дейін жүзеге асырады. А.ж. 1 қарашасынан бастап Бірінші комитет қарарлар бойынша дауыс беруге кірісті. Бірінші комитет жалпы 68 қарарды және қарусыздандыру мен халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша шешімдерді қарастырады.